3832013 жылғы маусымның 15-і күні Петропавлдағы Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлер Әскери институтының тарихында тұңғыш рет офицерлердің халықаралық шығарылымы орын алды. Салтанатты сәтте қазақ елінің түлектерімен бірге әскери оқу орнында білім алған көршілес Қырғызстанның сегіз және Тәжікстан Республикасының он өкілі алғашқы офицерлік «лейтенант» шенін иеленіп, офицер атанды. Биылғы шығарылымның тағы бір ерекшелігі – түлектердің саны бойынша ол оқу орны тарихында ең үлкен шығарылым болып табылады.

Жас сардарлардың оқуды аяқтау рәсіміне Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің Бас қолбасшысы генерал – майор Руслан Фатихұлы Жақсылықов, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сейпілұлы Сапаров, Қырғызстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлер қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы полковник Болот Акматбекович Аманалиев және Тәжікстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлер Қолбасшысының жауынгерлік дайындық жөніндегі орынбасары подполковник Музаффар Абдусамадович Джабборов қатысты. Сонымен бірге іс-шараға Ішкі әскерлер Бас қолбасшылығының, жергілікті мемлекеттік органдардың, қырғыз және тәжік диаспорасының өкілдері, Ішкі әскерлер ардагерлері, сондай-ақ түлектердің ата-аналары мен туған-туысқандары, дос-жарандары келді.

Жалпы алғанда әскери білім ордасы шетелдік түлектерді қосқанда биыл Ішкі әскерлер мен еліміздің басқа да әскери құрылымдарына 234 офицерді аттандырды. Олардың 17-і Әскери институтты үздік бағамен тәмамдаса, оның ішінде 4 түлек: лейтенанттар Қуаныш Айтқожинов, Ерболат Мырзабаев, Әсет Қажкенов пен Нұрлан Төтешев «Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін» кеуде белгісімен аяқтады. Олардың есімдері білім ордасының Құрмет тақтасына енгізілетін болады.

Бұл күні ұлдарының Отан алдында сардар атанып, лейтенант иелену сәтін көруге ата-аналар еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті, көршілес қырғыз мемлекетінен де келді. Әскери институттың қолбасшылығы мен жеке құрамы түлектердің оқуды тәмамдау рәсіміне жақсылап дайындалды. Халықаралық шығарылым қарсаңында маусымның 13 күні институттың саптық алаңында көкке Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінің тулары салтанатты түрде көтерілді. Оны көтеру құрметіне оқу үздіктері, үш мемлекеттің биылғы түлектері ие болды. Халықаралық шығарылымның құрметіне орай білім ордасының өмірі туралы фото кітап әзірленді. Сондай-ақ, арнайы кеуде белгісі дайындалып, ол әр түлекке тарту етілді.

Саптық алаңға институттың Жауынгерлік Туы шығарылысымен оқу орнының бастығы полковник Жұмабек Ахметов Ішкі әскерлердің Бас қолбасшысы генерал-майор Руслан Жақсылықовқа жеке құрамның дипломдарды тапсыруға даяр екенін баян етті. Бұдан соң мемлекеттік аттестациялау комиссиясының төрағасы, Ішкі әскерлер Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Алберт Маткаримов комиссия шешімін жариялап, оның қорытындысы бойынша барлық 234 түлек сыннан сүрінбей өтіп, мемлекеттік емтихандарды сәтті тапсырған. Одан кейін жиналғандарға Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан Ішкі істер Министрлерінің алғашқы офицерлік «лейтенант» шенін беру туралы бұйрықтары жеткізілді.

Лезде Ішкі әскерлер Бас қолбасшысы Руслан Жақсылықов пен облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров оқуды үздік бағамен аяқтаған түлектерге дипломдарды табыс етсе, Қырғызстан және Тәжікстан елдері Ішкі әскерлер қолбасшылығының өкілдері қырғыз және тәжік түлектеріне оқуды аяқтағаны туралы құжаттарын тарту етті.

Бұдан соң биылғы лейтенанттарға жылы лебіздер мен құттықтау сөздері айтылды. Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің Бас қолбасшысы генерал-майор Руслан Жақсылықов өз сөзінде: «Сіздер сарбазға әке де, аға да боласыңдар. Сіздер бейбіт халықтың тыныштығын күзетесіңдер. Сіздер ішкі істер органдарымен бірге қылмыспен күрестің алдыңғы шебінде тұрасыңдар. Қызмет оңай болмайтыны анық. Бірақ, қандай қиындық болмасын, Сіздер өз міндеттеріңді абыроймен атқару керексіңдер», — деп Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Қалмұханбет Қасымовтың құттықтауын жеткізді.

Одан кейін өз құттықтауын өңір басшысының атынан оның бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров жолдады.

Қырғызстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлер қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы полковник Болот Аманалиев мамандарды даярлағаны үшін Қазақстан ІІМ Ішкі әскерлерінің Бас қолбасшылығына өздерінің ризашылықтарын білдіре отырып, түлектердің өте қиын, сонымен бірге өте құрметті маман иесі атанғанын, бұл жолда аянбай тер төгу қажеттігін жеткізді.

Тәжікстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлер Қолбасшысының жауынгерлік дайындық жөніндегі орынбасары подполковник Музаффар Джабборов әскери істің маңыздылығына тоқталып, түлектерге сәттілік пен мінсіз қызмет тіледі.

 Өз құттықтауларын Ішкі әскерлер ардагері запастағы генерал-майор Рашид Фаткуллин мен түлектің анасы да жолдады. Түлектер атынан лейтенанттар Талғат Рыспеков, Бактияр Нурбаев пен Бахтиёр Туйчибоев сөз алып, өздерін төрт жыл бойы оқытқан оқытушылар мен офицерлерге, қолбасшылыққа, командирлерге деген шексіз алғыстарын білдірді.

Бұдан соң институттың Жауынгерлік Туымен қоштасу рәсімі «Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін» кеуде белгісінің иегері лейтенант Қуаныш Айтқожиновқа берілді. Бұл жас сардардың өмірінде тіптен ұмытылмайтын күн болды. Ең алдымен ол оқуды үздік аяқтап қана қоймай, Жауынгерлік Тумен қоштасу құрметіне ие болды. Бұл екінің біріне беріле бермейтін бақ. Сонымен бірге Қуаныштың биылғы кеуде белгісінің иегерлері сияқты өзінің болашақ қызмет орнын таңдауына құқығы бар. Лейтенанттар биыл еліміздің түрлі күш құрылымдарында қызмет етуге жолдама алды. Ең алдымен, бұл – Ішкі әскерлер, Шекара қызметі және де Республикалық Ұлан. 11 түлек Ішкі әскерлердің элитасы болып табылатын «Бүркіт» арнайы бөлімшесінде қызмет етуге арнайы сынақ тапсырып, сыннан сүрінбей өтті.

Әскери рәсім аяқталғасын меймандар мен жиналғандардың назарына институт әскерилерінің қойылымдық көрсетілімдері ұсынылды. Әскери оркестр мен бірінші курс курсанттарынан құралған барабаншылар ансамблі көпшілікті өз өнерлерімен баурап алса, сержант Серік Зәкиев бастаған 3-ші оқу батальонының курсанттары карабиндермен саптық қимылдарды орындады. Оркестр әншісі старшина Сабыр Букиров «Офицеры!» әнін шырқаса, биылғы түлектер лейтенанттар Ахат Құсайынов пен Ұлықбек Кенжебаевтың дуеті «Алға, қазақ жігіттері» әнімен жиналғандарды елжіретіп, тамсандырды. Қойылымдық көрсетілім түлектердің орындауындағы офицерлер вальсімен аяқталады.

Үкімет қаулысына сәйкес Ішкі әскерлер үшін офицер кадрларды даярлау мақсатында өз есігін айқара ашқан әскери оқу орны 1997-ші жылдың 18-ші наурызында құрылды. Сол жылдың 20-шы желтоқсанында Елбасы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің  Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев оқу ордасына Жауынгерлік Туды табыс етті.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009-шы жылғы Қаулысына сәйкес әскери училище атауы  Әскери институт  болып өзгертілді.

Өзінің құрылу  мен қалыптасу жылдарында Әскери институт құқықтық тәртіп әскерлері үшін жоғары білікті офицерлердің ұстаханасына айналып, Ішкі әскерлерге жүктелген міндеттерді орындауға қомақты үлесін қосып келеді. Білім ордасы Ішкі әскерлер үшін офицер мамандарды даярлайтын еліміздегі бірден-бір әскери оқу орны болып табылады.

Әскери оқу орнында офицерлер 7 мамандық бойынша даярланады. Курсанттар 7 кафедрада оқып білім алады. Институтта біліктілікті арттыру факультеті жұмыс істейді. Жыл сайын мұнда Ішкі әскерлердің офицерлері мен келісім-шарт бойынша әскери қызметшілері түрлі мамандықтар бойынша даярлықтан өтеді.

Институттың халықаралық байланысы жақсы жолға қойылған. Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттерінің үкіметтері арасындағы келісімге сәйкес 2009 жылдың қыркүйек айынан Әскери институтта қырғыз және тәжік елдерінің жыл сайын 10 өкілінен тегін түрде әскери білім алып жатыр.

Бүгінде 16 жылды еңсеріп отырған Әскери институттың азды-көпті тарихы қалыптасып үлгерді. Офицер мамандардың алғашқы түлектері ел Тәуелсіздігінің онжылдық мерейтойында қанат қақса, қазіргі күні әскери оқу орнын тәмамдаған сардарлардың саны 2280 офицерді құрайды, олардың 198-і Әскери институтты үздік бағамен тәмамдаса, оның ішінде 26 түлек «Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін» кеуде белгісінен аяқтады. Олардың есімдері білім ордасының Құрмет тақтасына енгізілген.

Осы күндері Әскери институт түлектері қызметтерін ішкі әскерлерде ғана емес, басқа да әскери құрылымдарда абыроймен атқару үстінде. Бірқатар офицерлер осы күннің өзінде жоғары лауазымды қызметтерге тағайындалған. Олардың арасында Ішкі әскерлердің өңірлік қолбасшылығы Қолбасшысының орынбасары, полк командиріне дейін жеткендері де бар. Мерзімінен бұрын кезектен тыс әскери шен алған институт сардарлары да аз емес. Осы күні Ішкі әскерлердің батальондар құрамындағы офицерлердің 90 %-ын Әскери институт түлектері құрайды.

Әскери оқу орнының жеке құрамы еліміздің Конституциясы күніне арналған әскери шерулерге үнемі қатысып тұрады. Институт курсанттары бірнеше мәрте ІІМ оқу орындары арасында ұйымдастырылатын ғылыми жұмыс байқауларының жеңімпазы мен жүлдегері атанды. Білім ордасының әскери оркестрі мен оның солистері Ішкі әскерлер Басқолбасшысының жүлдесі үшін өткен әскери оркестрлер арасындағы байқаудың лауреаты болып табылады. Оқу орнының КВН құрамасы облыстық және халықаралық ойындардың бірнеше дүркін жеңімпазы атағына ие болған.

Институт курсанттары, түлектері мен әскерилері халықаралық спорттық жарыстарда ел намысын сан мәрте абыроймен қорғай білді. Олардың ішінде М.Бірімжанов, Ә.Тіналин, С.Қадырбеков кикбоксингтен Әлем чемпионы атанса, лейтенант А.Қырықбай АДС Джиу-джитсу мен қоян-қолтық ұрыстан әлем асуын бағындырған. Курсант Д.Колесников жасөспірімдер арасында гір спортынан Әлем чемпионы атағына ие.

2013 жылғы мамыр айында институт Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің кезекті аттестациясынан сүрінбей өтті.

Руслан Жангулин,

 Ішкі әскерлер Әскери институты

Байланыс телефоны: 8-705-756-65-10

Посмотреть фото и видео материалы выпуска в нашей галерее

от admin

Добавить комментарий