2013 жылғы сәуірдің 25-і мен 27-сі аралығында елорда – Астана қаласында әскери оркестрлер арасында Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлер Басқолбасшысының жүлдесі үшін екінші «Әскери керней» байқауының ақтық сайысы өтті. Астананың 15 жылдығына арналған байқауға орталық оркестрді қоса Ішкі әскерлердің тоғыз өнер ұжымы мен Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметінің бірлескен оркестрі қатысты.

Байқау талабына сай әскери оркестрлер 6636 әскери бөлімінің саптық алаңы мен «Жастар» мәдениет үйінде саптық концерт, дефиле және концерттік бағдарламаны ұсынды.

Әскери музыкантшылардың өнерін бағалап, сәйкесінше шешім шығару жұмысын Ішкі әскерлер Басқолбасшысының орынбасары генерал-майор Альберт Мәткәрімов бастаған қазылар алқасы сараптады.

Әскери институт оркестрінің байқаудағы өнері қазылар алқасы мен басқа да өнерпаздар ұжымы тарапынан жоғары екені айқын сезілді. Өйткені, шығармашылық ұжым өз өнерімен жұртшылықты бірден баурап алды. Прапорщик Евгений Гончаровтың жетекшілігімен оркестр түрлі жанрдағы әуендерді емін-еркін жеткізсе, екінші курс тыңдаушысы сержант Серік Зәкиев бастаған құрметті қарауыл ротасы карабиндермен саптық қимылдарды қалтқысыз орындап, қошеметке бөленді. Әскери оркестр музыкантшысы кіші сержант Павел Вяткиннің жетекшілігімен дайындалған бірінші курс курсанттарының барабаншылар взводы жиналған қауымға сазды құрылғыны жоғары дәрежеде меңгергенін паш етіп, көпшіліктің көңілін серпілтіп тастады. Айта кету керек, барабаншылар ансамблі Әскери институт бастығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары полковник Берік Омаровтың бастамасымен құрылған болатын.

Институт өнерпаздарының өнері қазылар алқасымен жоғары бағаланып, олар Астананың орталық алаңында Ішкі әскерлерінің Басқолбасшылығы, әскери атташелер, ардагерлер және елорда тұрғындарының қатысуымен өткен Гала концертті салтанатты түрде ашу мәртебесіне ие болды.

Сөйтіп, тартысқа толы болған байқауда Әскери институттың оркестр ұжымы лайықты өнер көрсетіп, екінші орынды еншісіне салды. Ішкі әскерлердің орталық оркестрі бірінші орынды ұтып алса, «Әскери керней» байқауының Бас жүлдесі Алматының 5571 әскери бөліміне жол тартты.

Байқауға әзірлік барысындағы бастамасы үшін Ішкі әскерлер Басқолбасшысының грамотасымен Әскери институт оркестрінің концертмейстері прапорщик Евгений Сафронов пен старшина Сабыр Букиров марапатталды.

Ал көпшіліктің көңілінен ерекше орын алған барабаншылар взводы Басқолбасшысының арнайы сыйы – «Көрермендер көзайымы сыйлығына» ие болды.

капитан Руслан Жангулин

от admin

Добавить комментарий