Үстіміздегі жылғы сәуірдің 3-і күні Ішкі әскерлердің Әскери институтында Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлер Бас қолбасшысының жүлдесі үшін әскери оркестрлер арасындағы екінші «Әскери керней» байқауының бірінші кезеңі өтті. Солтүстік аймақтық сайыста 6637 (Петропавл қаласы), 6697 (Қостанай қаласы) және Әскери институттың әскери оркестрлері бақ таластырды. Әскери әуендерді әуелеткен оркестрлер жиналған қауымға тамаша көңіл-күй сыйлады.

Аталмыш байқаулар оркестрлердің кәсіби дайындық дәрежесін арттыру, әскери қызметтің мәртебесін көтеру және азаматтарды қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу мақсатында өткізіледі.

Бұл күні әр оркестр жиналғам қауымға 8-12 шығармадан тұратын өзінің концерттік бағдарламасын ұсынды. Күрделі формадағы туындыны орындау, халық шығармасын өңдеу, патриоттық тұрғыдағы әндерді орындау, полифония (көп дауысты шығарма) байқаудың басты талабы болды. Қазылар алқасы сонымен бірге ансамбльдің жинақылығы, оркестрдің сапталуын және дирижердің жұмысына да баса назар аударды.

Әскери оркестрлердің кәсіби-орындаушылық шеберлігін келесі құрамдағы қазылар алқасы: төраға — Әскери институт бастығы полковник Жұмабек Ахметов, мүшелері — Ішкі әскерлер Комитеті әскери оркестр қызметінің бастығы майор Асхат Мұхамедияров және Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері» запастағы подполковник Геннадий Петров бағалады.

Концерттік бағдарламаның шымылдығын майор Анатолий Шеффинг жетекшілік ететін 6637 әскери бөлімінің оркестрі ашты. Өздерінің тамаша өнерлерімен оркестр ұжымы көпшілік қауымды бірден баурап алды. Әсіресе, оркестр әншісі Жандос Ақбергеновтың орындауындағы «ВВ», «Алға, қазақ жігіттері», «Здравствуй столица!» атты патриоттық тұрғыдағы әуендер әсерлі шықты. «Веселые ребята» тобының репертуарындағы «Бродячие артисты» әні де жиналған жұртты бей-жай қалдырмады.

Капитан Вартан Мегерьян жетекшілік ететін 6697 әскери бөлімінің оркестр ұжымы да көпшіліктің көзаймына айнала білді. Өнерпаздар қазақ әуендері тақырыбында фантазия, «Ва-банк» және «Офицеры» кинофильмдерінен алынған әндерді орындады. Оркестр әншісі сержант Анна Дудина шырқаған  «Әдемі-ау» әуені де әсерлі айтылды бұл кеште.

Залға жиналған жұртшылық Әскери институт оркестрінің өнерін асыға күтті. Ансамбль ұжымы көпшілікке түрлі жанрдағы композицияларды ұсынды. Оның ішінде қазақстандық сазгерлердің әуендері (А. Бестібаев «Ақ сиса», Е. Шахрай «Отан»), «Ішкі әскерлер жауынгерлері» атты әскери-патриоттық тақырыптағы әндер, «12 орындық» және «Пираты Карибского моря» фильмдерінен алынған әуендер де көрерменнің көңілінен шыққаны сезілді. Джаздық тұрғыда орындалған Larry Barton «Brass Attack» музыкасы да көпшілікке ұнады.

Концерттік бағдарлама аяқталған соң оркестр ұжымдары институттың саптық алаңында саптық концерт пен дефилені паш етті. Әскери институт оркестрі құрамында өнер көрсеткен бірінші курс курсанттарының барабаншылар ансамблі бұл күні жұртшылықты тәнті етті. Оркестр музыканты кіші сержант Павел Вяткин жетекшілік ететін ансамбль «Барабан солосын» орындады. Әдеттегідей үшінші курс курсанттарынан құралған карабиншілер тобы өз шеберліктерімен ерекшеленді.

Байқау қорытындысы бойынша әскери оркестрлер арасындағы Ішкі әскерлер Бас қолбасшысының жүлдесі үшін сайысқа қатысу құқығына Әскери институт пен 6697 әскери бөлімінің ұжымдары ие болды.

Байқаудың соңғы кезеңі үстіміздегі жылғы сәуірдің 25-і мен 28-і аралығында Астана қаласында өтеді.

Кешті қорытындылаған Әскери институт бастығы полковник Жұмабек Ахметов әскери оркестрлерге алғысын білдіріп, алдағы байқауларда сәттілік тіледі.

капитан Руслан Жангулин

от admin

Добавить комментарий