Ішкі әскерлер Әскери институтының курсанттары әскери оқу орындары тәрбиеленушілері арасындағы Қазақстан Республикасы ҚМ Қарулы Күштерінің 2-ші спартакиадасында жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Үстіміздегі жылғы ақпанның 26-сы мен наурыздың 2-сі аралығында құрама Щучье қаласында Президенттік көпсайыс пен шаңғы спортынан өткен жарыстарда тағы да үздіктер қатарынан орын алды.

Жалпы алғанда сайысқа барлығы алты команда қатысты. Құрлық әскерлерінің Әскери институты, Радиоэлектроника және байланыс Әскери институты, Әуе қорғаныс Күштерінің Әскери институты, Кадет корпусы, ТЖМ Көкшетау техникалық институты мен Ішкі әскерлер Әскери институтының курсанттары бірнеше бағдарлама бойынша сынға түсті.

Жарыс қорытындысы бойынша Ішкі әскерлер Әскери институтының құрамасы жақсы нәтиже көрсете білді. Президенттік көпсайыста команда екінші орыннан көрінсе, шаңғы спортында жеңіс тұғырының бірінші сатысына көтерілді. Құрамында Диас Ахметбаев, Әлихан Шәймерденов, Алтынбек Ахмеджанов пен Жеңіс Жайлыбаев бар Ішкі әскерлер курсанттары қарсыластарын 4х5 шақырымдағы эстафеталық сында қапы қалдырып, командалық есепте жеңімпаз атанды.

Жекелей сында өзгелерінен Диас Ахметбаевтың мерейі үстем болды. Жауынгер еркін жүру әдісімен 10 шақырымдық шаңғы жарысында алдына жан салмаса, Президенттік көпсайыста үшінші орынға табан тіреді.

капитан Руслан Жангулин

от admin

Добавить комментарий