Жақында еліміздің бас қаласы Астанада қоян-қолтық ұрыстан Республикалық Ұлан Қолбасшысының Кубогі үшін жарыс 11-ші мәрте өз жалауын көтерді. Қазақстанның күш құрылымдары қызметкерлері арасында өткен турнир кілең мықтылардың басын қосты. Ішкі әскерлер құрамасы сапында өнер көрсеткен Әскери институттың сайыпқыраны лейтенант Айбек Қырықбай өз салмағында топ жарып, алтыннан алқа тағынды.

Қоян-қолтық ұрыстан Ұлан Қолбасшысының жарысы жыл сайын ұйымдастырылып тұрады. Биылғы турнир татами төрінде 100-ден аса спортшының басын қосты. Олардың арасында Ішкі істер, Қорғаныс, Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктер, Ұлттық қауіпсіздік Комитеті, Президент күзеті қызметі, Қаржы полициясы, Шекара қызметі, Республикалық Ұлан және Ішкі әскерлерінің жауынгерлері болды. 86 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионы Айбек Қырықбай тағы да өзіне тең қарсылас жоқ екенін дәлелдеді. Алғашқы кездесуін солтүстікқазақстандық Ішкі істер министрлігінің өкілімен өткізіп, қарсыласын ұпай санымен ұтты. Айналымның келесі кезегінде Айбек Шекара қызметінің жауынгері спорт шебері Қуат Қаратаевтан еш қарсылық сезінбей, оны айқын басымдықпен жеңді. Ақтық сында Қырықбайға қоян-қолтық ұрыстан биылғы ел біріншілігінің жеңімпазы, Европа чемпионатының күміс жүлдегері Тимур Балықбаев жолықты. Президент күзеті қызметінің жауынгері де Ішкі әскерлер қыранының осал тұсын таба алмады. Айбек қарсыласты 7:4 есебімен тізе бүктіріп, жарыс жеңімпазы атанды.

Айта кету керек, бұл сынға Әскери институттың тағы бір жауынгері сержант Исатай Мәкарамов та қатысқан болатын. Алғашқы айналымнан сүрінбей өткен ол екінші кездесуінде кейін турнир чемпионы болған Ұлан жауынгерінен ұтылып қалды.

Жеңіске жеткен Айбек Ұлан Қолбасшысының меделі мен грамотасына ие болды.

капитан Руслан Жангулин

от admin

Добавить комментарий