Барша қазақ жұрты ел арналарынан байрақты бәсеке — қазақ күресінен өткен «Қазақстан барысы» атты республика чемпионатын тамашалап, балуандардың жан алысып, жан беріскен белдесулеріне тәнті болған еді. Тартысты сайыста Ішкі әскерлер Әскери институтының жауынгері Айбек Хырыхбай өнер көрсетіп, талайдың таңдайын қақтырған болатын. Дәл осындай жарыс Әскери институт бастығы полковник Жұмабек Ахметовтың бастамасымен демалыс күндері әскери оқу орнында өтті. Әскери институттың 16 жылдығы мен мұсылман қауымның ұлық мерекесі – Наурыз мейрамына орай өткізілген сайыста оқу бөлімшелерінің курсанттары өзара мықтыны анықтады.

Күрес дегенде ішкен асын жерге қоятын қазақтың балуандардың белдесулерін көргенде делебесі қозып, атой салатыны рас. Сондықтан бұл спорт түріне деген қызығушылық ешбір толастаған емес. Әскери институт курсанттары спорттың барлық түрлерімен шұғылданады десек, қателеспеспіз. Самбо, кикбокс, қоян-қолтық ұрыс жарыстарында бірталай асуларды бағындырған жауынгерлердің қазақ күресінен де алатын дәмесі бар. Қазірде болашақ сардарларға спорттың бұл түрінен қазақ күресінен Европа чемпионы капитан Мақсат Нүсіпов тәлім береді. Жарыстың жоғары деңгейде өтуіне осы Мақсаттың қосқан үлесі мол.

Сайыс салтанатты сәтте басталды. Балуандар алдында сөз сөйлеген білім ордасының бастығы Жұмабек Ахметов жарысқа қатысушыларды әскери оқу орнының туған күні және Наурыз мейрамымен құттықтап, байрақты бәсекеде сәттілік тіледі.

Жарыс жолына балуандарды батальон командирлері баптап шықты. Бастарына бөрік, иықтарына шапан жамылып, қолдарына қамшы алған батальон жетекшілері сайыстың сәнін кіргізіп, ұлттық спорттың реңін келтірді. Жарысқа барлығы 32 балуан қатысты. Олардың арасында Ішкі әскерлер жауынгерлерінің спартакиадасы аясында самбо күресінен жүлдегер атанған Қуаныш Бейсенәлиев пен «Динамо» ойындарында жасындай жарқылдап, жеңіске жеткен Манас Әбуов та болатұғын. Сонысына қарағанда балуандар арасындағы белдесулер тартысты. өтті. Спорт залына жиналған жанкүйерлер өз мықтыларын қолдап, демеу беріп отырды. Әіресе, көпшілік Манас пен Қуаныштың өнеріне ерекше ықылас білдірді.

Сайыстың тағы бір ерекшелігі, балуандар «Қазақстан барысы» турниріндегідей боз кілемге лақап атпен шығып отырды. Біреуі «көк бөрі» болса, енді бірі «жас барыс» атанып, жиналғандарды тәнті қылды.

Жеңілген жарыстан шығып отырған белдесулерде балуандар бабы келгенше күресуге тырысып бақты. Бірақ, ақтық сынға дейін шын мықтының ғана жолы болды. Баян батыр лақап атын алған үшінші курс курсанты Баянбек Өмірзақ бұл сында жеңіс тұғырының үшінші сатысына табан тіреді.

Ал «Институт барысы — 2013» атағын сарапқа «Жас барыс» лақап атын алған Манас Әбуов пен Байзақ батыр атанған Қуаныш Бейсенәлиев салды. Көпшілік ақтық сайыстың тартысқа толы болатынын күткен еді. Алайда, жиналған қауымның сенімі белдесу басталмай жатып су сепкендей сейілді. Манас абайсызда қарсыластың қармағына ілініп, Қуаныш жас барысты аяқтан шалу әдісімен жамбасқа түсіріп, жеңімпаз атанды.

Төртінші орыннан көрінген бірінші курс курсанты Қайнар Әтіханов жеңіске деген жігері үшін сыйлығын алды.

Жарыс жеңімпазы мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімін Жұмабек Ахметовтың өзі жүргізді. Жүлдегер атанған Манас пен Баянбек диплом мен медальға ие болса, «Институт барысы — 2013» атағын жеңіп алған Қуаныш Кубокпен қоса, иығына әскери оқу орны бастығының арнайы сыйлығы шапан жабылды.

капитан Руслан Жангулин

 

от admin

Добавить комментарий