Елордамыз – Астана күніне арналған мерекелік шаралар шеруі басталып кетті. 28 маусым күні Қаржы министрлігі алаңында «Саған, Астана, арналады» атты Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының жүлдесі үшін ұйымдастырылған «Әскери керней» байқауының Плац-концерті өтті.

Үшінші жыл өткізіліп отырған дәстүрлі шарада Ресей мен еліміздің әскери ведомстволарының әскери оркестрлері Елорда тұрғындарына, қонақтарына джаз, рок-н-ролл стиліндегі музыкалық, сондай-ақ әскери, ұлттық, классикалық композицияларды орындаудан өз шеберліктерін паш етті. Бұл Плац-концерт үш күнге созылған «Әскери керней» байқауының қатысушылары мен жеңімпаздарының елорда жұршылығына тарту еткен мерекелік сыйы болатын.

26 маусымда 6636 әскери бөлімінің плацында байқаудың бірінші кезеңі басталып, он екі оркестрлік ұжым қатаң іріктеуден өтті. Бұл сынақта Ұлттық ұланның тоғыз әскери оркестрі болса, сондай-ақ Ресейдің Ішкі әскерлері Сібір өңірлік қолбасшылығының әскери оркестрі, ҚР Қорғаныс министрлігінің орталық әскери оркестрі және ҰҚК Шекара қызметінің құрама әскери оркестрі өнер көрсетті. Музыкалық ұжымдар келесі күні «Жастар» сарайында шешуші кезеңде тағы кездесті. Мұнда әр топ өзінің кәсіби деңгейін, оркестрлік орындаушылықтың біртұтастығын, сондай-ақ вокалдық-музыкалық қабілеті мен саптық әндерді орындау шеберлігін танытты.

Аталмыш байқау әскери музыканы дамыту, әскери оркестрлердің кәсіби дайындығының сапасын, әскери қызметтің беделін арттыру және өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу мақсатында алғаш рет 2012 жылы ұйымдастырылған болатын. 2013 жылы республикалық деңгейде жалғасын тауып, игі дәстүрге айналып үлгерді. Биылғы ерекшелігі – көрші елдің әскери құрылымдары да қызығушылық танытып, қатысып, байқауға халықаралық сипат беріп отыр.

Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы байқауға қатысушылары мен қонақтарына алғыс айтып, баршаны еліміздің ордасы – Астана күнімен құттықтады. Өз бағдарламасына музыкалық жанрлардың саналуандығы, шеру-дефиле, плац-концерт және әскери қызметшілердің қарумен салтанатты көрсетілімдерін топтастырған бұл шара қала жұртшылығы мен қонақтарына есте қаларлықтай көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сол күнгі ауа райының қолайсыздығына қарамастан, үрмелі-соқпалы музыканың ерекшелігін таңсық көрген көрермен әскери оркестрлердің шеберлігін соңына дейін тамашалады. Халық көп шоғырланып, демалатын ескі резиденция алаңына жиналған жұртшылық, әсем әуенді естіп, қаумалап, қызықтап жатты.

ІІІ байқау-конкурсының қорытындысы бойынша Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының Гран-приін Ресей ІІМ Ішкі әскерлерінің Сібір өңірлік қолбасшылығы штабының әскери оркестрі жеңіп алды.

Оркестрдің көркемдік жетекшісі – Ресей ІІМ ІӘ Сібір өңіолік қолбасшылығының әскери-оркестрлік қызметі бастығы подполковник Николай Миткевич. Оркестр бастығы – аға лейтенант Олег Доценко. Бұл ұжым – 1930 жылы Новсібір қаласында құрылған Ресей Ішкі әскерлері мен Сібірдің тамыры тереңде жатқан әскери-музыкалық оркестрі. Өзінің тарихын КСРО НКВД айдауыл әскерлерінің 6-шы жеке айдауыл батальонының музыкалық взводы ретінде бастаған. Бүгінде жоғары кәсіби шығармашылық ұжымға айналды. 2011 жылы Мәскеу қаласында өткен Ресей ІІМ Ішкі әскерлерінің құрылғанына 200 жыл толуына орай ұйымдастырылған ІӘ әскери оркестрлері байқау-конкурсының лауреаты атанды. Қазіргі таңда концерттік қызметін белсенді жалғастырып, орындаушылық шеберліктерін шыңдау үстінде.

Ал, 15 орындаушыға дейінгі әскери оркестрлер арасында 1-ші орын 5511 әскери бөлімінің (Семей қаласы) әскери оркестріне бұйырды. Әскери дирижері – капитан Мәлік Еңсебаев. Ол 2005 жылдан бері осы музыкалық ұжымды басқарып келеді. Оркестр 1998 жылы құрамында 8 музыкантпен құрылды. Тұңғыш жетекшісі концертмейстер сержант Сергей Конанихин болса, 1999 жылдан бастап оркестрге аға лейтенант Владимир Нутков жетекшілік етті. Ұжым өзінің қызметін әскери рәсімдерді орындаудан бастады. Сондай-ақ, мерекелік шараларда, байқауларда өнер көрсетіп, жүлделі орындарды иемденді. Басты жетістігі – 2012-2013 жылдары қатарынан «Әскери керней» байқауының жеңімпазы атануы болды.

Осы категориядағы 2-ші орынды 6505 әскери бөлімінің (Қарағанды қаласы) әскери оркестрі иеленді. Әскери дирижері – майор Анатолий Жигола. Әскердің оркестрлік дәстүрді ұстанған, тәжірибесі мол полктық оркестрі. Аталған ұжым КСРО ІІМ Ішкі әскерлерінің әскери оркестрлері арасынан талай рет топ жарып шыққан. Елорда күнін мерекелеуге бірнеше рет қатысып, түркиялық делегацияларды күтуге атсалысып келеді.

15 орындаушыға дейінгі оркестрлік сайыста 6697 әскери бөлімі (Қостанай қаласы) 3-ші орынды қанжығасына байлады. Әскери дирижері – капитан Вартан Мегерьян. Полктық оркестр кәсіби музыканттармен жасақталған. Әрбір музыкалық шығармаға оркестр музыканттары жан-тәнін салып дайындалады әрі өздеріне тән жаңашылдықпен орындайды. Ұжымның концерттері жоғары деңгейде өтіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүр.

Байқаудың екінші категориясы бойынша – 25 орындаушыға дейінгі оркестрлер арасынан озып шығып, 1-ші орын тұғырына 5571 әскери бөлімі (Алматы қаласы) көтерілді. Бұл ұжымға қатысушылар арасындағы жалғыз әйел-дирижер капитан Елена Евстратенко жетекшілік етеді. Оркестр өткен жылғы Гран-при иегері. Ал, 2012 жылы көрермен көзайымы жүлдесін жеңіп алған болатын. Олардың үлкен дайындықпен келгенін атап өту керек. Жанды дауыста ән шырқап, оркестр орындауына ерекше көркемдік сыйлаған Сұлужан Елубаевадай әнші қызды сахнаға алып шығуы – жаңалық болды. Сондай-ақ, плац-концерттегі көрсетелім соңында отшашу атып, қонақтарға ерекше сый жасады. Өзінің кәсіби шеберлігі мен дайындық сапасы жағынан да өзге әріптестеріне үлгі боларлық ұжым.

Екінші орын мінберіне Ұлттық ұлан Әскери институтының әскери оркестрі тұрақтады. Дирижер міндетін атқарушы – прапорщик Евгений Гончаров пен оның ұжымы абыроймен өнер көрсетті. Бұл ұжым болашақ офицерлер мен сарбаздарды әскери-патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге, Петропал қаласының жастарын отансүйгіштікке баулуда қалтқысыз қызмет етіп келеді. Оркестрдің жеке құрамы концерттік-ағартушылық жұмыстар жүргізуді белсенді жалғастыруда.

5517 және 5518 әскери бөлімдері 25 орындаушыға дейінгі оркестрлер арасындағы байқау нәтижесінде үшінші орыннан көрінді.

5517 әскери бөлімінің оркестрлік ұжымы 2012 жылы осы категорияда лауреат атанған. «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты бұл оркестрдің құрылғанына 2015 жылы 20 жыл толады. 1995 жылы алғашқы дирижері болып лейтенант Есболат Абдулов бекітілген. Ал, 2000-2005 жылдар аралығында оркестрге солкездегі әскери шені лейтенант, қазіргі уақытта Ұлттық ұланның Әскери-оркестрлік қызметінің басшысы лауазымындағы подполковник Асхат Мұхамедияров жетекшілік жасаған. Оралық ұжымның бүгінгі жетекшісі капитан Нұржан Дәуленов – талантты әрлеуші, зияткерлік қабылеті жоғары азамат.

Өскемен қаласынан келген 5518 әскери бөлімінің оркестрлік ұжымы 1983 жылы құрылған. Әскери дирижері – лейтенант Максим Наговицын. Алғашқы дирижері – сол жылдардағы аға сержант Борис Глазьев талантты, шығармашыл адамдардың басын қосты. Содан бері бұл ұжым үрмелі музыка дәстүрін жалғастырып келеді. Өткен жылғы «Әскери кернейде» лауреат атанды. «Жас ұлан» облыстық сарбаздар әні фестивалінде «Үздік кәсіби шығармашылық ұжым» бірнеше дүркін жеңімпаз болған.

Байқаудың үшінші категориясы – құрамы 25 орындаушыдан асатын оркестрлер арасынан Орталық оркестр үздік танылды. Оркестр басшысы – майор Алексей Терещенко. 2012 жылы өткен «Әкери кернейде» Гран-приді иемденген Орталық оркестр Ұлттық ұланның жетекші шығармашылық ұжымы болып табылады. Қызметтік-саптық репертуарға сәйкес, әскери оркестрлер дәстүріне сай Орталық оркестр алуан түрлі концерттік бағдарламаларда халықтық, классикалық музыка шығармаларын, отандық және шетел композиторларының туындыларын паш етеді. Оркестр музыканттары әр санаттағы көрермен талғамына орай, өздерін жыл сайын жетілдіріп, жаңаша екпінмен көшбасшы ұжымға лайық қызмет етіп келеді.

Орындаушылары көп әскери оркестрлер арасынан 2-ші орын жүлдесіне Алмас Ибрагимов жетекшілік етіп отырған Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери оркестрі лайықты деп танылды. Ұжымның шығармашылық өмірбаяны Қорғаныс министрлігінің күнделікті қызметімен тығыз байланыста. Өйткені, өз кезегінде оркестр еліміздің Қарулы Күштері қатарында жеке құраммен патриоттық-мәдени насихат жұмыстарын жүргізуге атсалысып келеді. 2013 жылғы дислокацияға орай, ұжым жаңа серпін алып, құрамы жаңарып, өзінің шығармашылық шеберлігін шыңдай түсті. Қорғаныс саласындағы әскери-музыкалық көркемдік-шығармашылық жетекші ұжымға айналды.

Майор Самат Құмантаев дирижерлік ететін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әскери құрама оркестрі үшінші орынға табан тіреді. 2012 жылы дәстүрлі байқауда дипломант атанған бұл ұжым «Әскери кернейдің» тұрақты қатысушысы екенін айтып өткен абзал. Көрерменді өзінің керемет бағдарламасымен, саптық ерекшелігімен үшінші жыл қуантып келеді. Әртүрлі оркестрлерден жиналған музыканттар аз уақыт ішінде мықты көрсетілім әзірлеп, қазылар алқасы мен байқау қонақтарын тәнті етті.

Осынау дүбірлі шараның тиісті деңгейде өтуін Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы жіті қадағалап, барлық басқармалардың басшылары мен офицерлері, Ақмола гарнизонына қарасты 3660, 6636, 5573 әскери бөлімдерінің жеке құрамы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Әскери-оркестрлік қызметтің басшысы подполковник Асхат Мұхамедияровтың еңбегін ерекше атап өтуге тиіспіз. Елордамыздың мерекесі қарсаңында өткізілген бұл шараның көркемдігі үшін Ән-би ансамблінің режиссері Елена Грабовская тынбай еңбектеніп, қамтамасыз ету батальонының жауынгерлерін театрландырылған сахналық көрсетілімдерді шебер орындауға дайындады. Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бас басқармасы ұйымдастыру, қонақтарды орналастыру жұмыстарын қолға алды.

Қатарынан үшінші жыл ұйымдастырылған бұл байқау қала жұртшылығын бір арнаға шоғырландырып, әуелеген оркестр әуендері көпшілікті тартымды күйге бөледі. Барабанның жарқын даусы, жалынды саптық әндер жүректерді тебірентіп, жігерлендіріп жіберді. Әскери киім киген музыканттар мен қызмет барысындағы сардарларға қала жастары мен жұртшылығы қызыға қарады. Әскери қызметтің беделін өсіріп, ұрпақтың қарулы күштерге деген қызығушылығын арттыратын, әскери музыка мен оркестрді насихаттап, елордамыздың даңқын асыратын «Әскери керней» байқауының ғұмыры ұзақ болсын!

Сержант Мөлдір НӘЛІБАЕВА

от admin

Добавить комментарий