2014 жылғы маусымның 14-і күні Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлері Әскери институтында офицерлердің 14 шығарылымы болды. Бұл 2 халықаралық шығарылым, сонымен қатар, тұңғыш рет Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы офицерлері шығарылымы болып отыр.
Салтанатты жағдайда 4 курс курсанттарына алғашқы офицерлік «лейтенант» шені мен жоо-ны бітіргені туралы диплом берілді. Жас сардарлардың оқуды аяқтау рәсіміне Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қуанғанов Фархад Шаймұратұлы, Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы Бас қолбасшысы генерал – майор Маткаримов Альберт Полатович, Тәжікстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлері Қолбасшысының жауынгерлік дайындық жөніндегі орынбасары полковник Одинаев Хокимбек Сафарбекович, Қырғыз Республикасы Ұлттық ұланы кадрлар басқармасы бастығының орынбасары подполковник Сыйырбеков Токтогул Сыйырбекович, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Ақсақалдар кеңесі төрағасы генерал-майор Токушев Қалиақпар Жұбанышұлы, Солтүстік Қазақстан облысының Ақсақалдар кеңесі төрағасы Илеюсизов Искендир Исмакович қатысты.
Жалпы алғанда әскери білім ордасы шетелдік түлектерді қосқанда биыл Ішкі әскерлер мен еліміздің басқа да әскери құрылымдарына 257 офицерді аттандырады. Олардың 17-і Әскери институтты үздік бағамен тәмамдаса, оның ішінде 7 түлек: лейтенанттар Ахметжанов Жасұлан, Жармұханбетов Ерзат, Есетов Баубек, Сайпаш Ерасыл, Серіков Әлішер, Тұрсынов Хуршед (Тәжікстан Республикасы өкілі) «Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін» кеуде белгісіне ие болды. Олардың есімдері білім ордасының Құрмет тақтасына енгізіледі. Бүгінде 17 жылды еңсеріп отырған Әскери институттың азды-көпті тарихы қалыптасып үлгерді. Офицер мамандардың алғашқы түлектері ел Тәуелсіздігінің онжылдық мерейтойында қанат қақса, қазіргі күні әскери оқу орнын тәмамдаған сардарлардың саны 2538 офицерді құрайды, олардың 198-і Әскери институтты үздік бағамен тәмамдаса, оның ішінде 26 түлек «Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін» кеуде белгісімен аяқтады.
Түлектерге салтанатты түрде «лейтенант» шені және дипломдарды тапсыру рәсіміне мәртебелі меймандармен бірге Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының, жергілікті мемлекеттік органдардың, қырғыз және тәжік диаспорасының өкілдері, Ұлы Отан соғысы және Ұлттық ұлан ардагерлері, сондай-ақ, түлектердің ата-аналары мен туған-туысқандары, дос-жарандары қатысты.
Әскери рәсім аяқталысымен меймандар мен жиналғандардың назарына институт әскерилерінің қойылымдық көрсетілімі ұсынылды. Әскери оркестр плац-концерт ұсынып, курсанттар карабиндермен саптық қимылдарды және шашкамен дефиле орындады, барабаншылар ансамблі өз өнерлерін паш етті. “Алға жігіттер” композициясымен қоян-қолтық күрес, акробатикалық трюктер, көркем гимнастика көрсетілді. Кейін бұл шара жеке құрам мен институт қонақтары үшін концерттік бағдарламаға ұласты. Бағдарламада «Шестое чувство», «Самғал» дуэті өнер көрсетсе, Наталья Зайцева, 1 курс курсант Тәжібаев Айбол тыңдармандарды әндерімен тәнті етті. «Арай» халық ансамблінің орындауындағы бірнеше билер шараның көркін енгізді. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Диляра Сабырова. Бишілер құрамы түлектермен бірге офицерлік вальс биледі. Шара соңында жас лейтенанттар «14 түлек» деген жазуы бар шардан жасалған өнер туындысын аспанға ұшырды. Жас лейтенанттарға сәт сапар тілейік!
Бұл іс-шараның фото және бейнематериалдары →
Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы
Әскери институтының баспасөз қызметі