Қазіргі әлемдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Бұл тұрғыда құқық тәртібі әскерлерінің рөлі айрықша маңызды. Осыған орай, ағымдағы жылдың 27 наурыз күні Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Академиясының ұйымдастыруымен Петропавл қаласында орналасқан «Qyzylzhar Creative Center» креативті индустрия орталығында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференция «Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы әскерлерінің қызметтік-жауынгерлік қызметі – мемлекеттің тұрақтылығы мен ішкі қауіпсіздігінің негізі» тақырыбында болды. Бұл жиын құқық тәртібі әскерлерінің қызметтік-жауынгерлік қолданылуын жетілдіру, әскери білім беру жүйесіне инновациялық технологияларды енгізу және әскери қызметшілердің кәсіби даярлығын арттыру мәселелерін талқылауға арналды.
Конференцияға Ұлттық ұлан Академиясының магистранттары мен курсанттары, Қазақстанның әскери қызметшілері, сондай-ақ Өзбекстан Республикасының ғалымдары мен оқытушылары қатысты. Іс-шараға Ұлттық ұлан Академиясының штаб бастығы, Академия бастығының бірінші орынбасары, полковник Асқар Қайратұлы Файзулин және қызметтік-жауынгерлік қолдану тактикасы кафедрасының бастығы, полковник Жамбыл Жамалұлы Кульбаев болды.
Конференцияның ашылуында сөз сөйлеген Академия бастығының бірінші орынбасары, полковник Асқар Қайратұлы Файзулин құқық тәртібі әскерлерінің елдегі тұрақтылық пен ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызын ерекше атап өтті.
«Құқық тәртібі әскерлері – мемлекеттің сенімді қалқаны. Олардың кәсіби даярлығы, қызметтік-жауынгерлік қабілеті – ел қауіпсіздігінің кепілі. Сондықтан әскери білім беруді жетілдіру, озық технологияларды енгізу және жауынгерлердің моральдық-психологиялық дайындығын күшейту – біздің басты міндетіміз», – деді ол.
Конференция аясында құқық тәртібі әскерлерінің дамуы мен қызметтік-жауынгерлік қолданылуын жетілдіру бойынша маңызды баяндамалар жасалды. Негізгі талқыланған тақырыптар:
• Құқықтық тәрбие және моральдық-психологиялық дайындық – әскери қызметшілердің кәсіби және адами қасиеттерін дамыту.
• Азаматтық қорғаныс – төтенше жағдайлардағы әскерлердің әрекеті мен координациясы.
• Заманауи технологияларды енгізу – әскери даярлықтың тиімділігін арттыратын инновациялар мен цифрлық шешімдер.
Ұлттық ұлан Академиясының оқытушылары, Өзбекстан Республикасының ғалымдары, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері, Қорғаныс ұлттық университетінің мамандары аталған бағыттар бойынша ғылыми баяндамалар ұсынды.
Конференцияның маңыздылығын атап өткен қызметтік-жауынгерлік қолдану тактикасы кафедрасының бастығы, полковник Жамбыл Жамалұлы Кульбаев: Бұл конференция – әскери ғылым мен тәжірибенің тоғысқан алаңы. Құқық тәртібі әскерлерінің тиімділігі тек жауынгерлік дайындыққа ғана емес, ғылыми-зерттеу жұмыстарына да байланысты екенін атап айтты.
«Бүгінгі қауіп-қатерлер мен заманауи сын-тегеуріндерге төтеп беру үшін әскери сала үздіксіз дамып отыруы тиіс. Бұл конференция – теория мен тәжірибені ұштастыратын маңызды алаң. Мұнда көтерілген мәселелер мен ғылыми ұсыныстар болашақта құқық тәртібі әскерлерінің жауынгерлік қабілетін арттыруға үлкен үлес қосады», – деді ол.
Конференция ұйымдастыру комитетіне 80-ге жуық ғылыми мақала келіп түсті. Бұл еңбектерді Қазақстанның әскери құрылымдары, өңірлік қолбасшылықтар, Ұлттық ұланның әскери бөлімдері және Өзбекстан Республикасының өкілдері дайындаған.
Негізгі бағыттар:
• Құқық тәртібі әскерлерінің қызметтік-жауынгерлік қолданылуын жетілдіру;
• Әскери қызметшілерді оқыту мен даярлау жүйесін дамыту;
• Инновациялық технологияларды енгізу және әскери білім беруді жетілдіру.
Конференцияның қорытындысы бойынша ұсыныстар әзірленіп, олар құқық тәртібі әскерлерінің қызметін одан әрі дамытуға бағытталды.
Ұлттық ұлан академиясының ұйымдастыруымен өткен бұл халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция құқық тәртібі әскерлерінің қызметтік-жауынгерлік қабілетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды алаңға айналды. Әскери білім беру мен инновацияларды дамытуға арналған ұсыныстар Ұлттық ұланның әскери даярлығын күшейтіп, елдегі ішкі қауіпсіздік жүйесін одан әрі нығайтуға ықпал етпек.
Құқық тәртібі әскерлері – мемлекеттің қалқаны, ал олардың білім мен тәжірибесін жетілдіру – болашаққа жасалған сенімді қадам!



