Көктемнің шуақты күндерімен қатар келген 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиын 2025 жылғы 4 наурызда Ақан Сері атындағы облыстық филармония сахнасында дүркіреп өтті. Бұл кеш тек әдемі ән мен әсерлі билерге толы мерекелік шара ғана емес, сонымен қатар нәзік жанды аруларға деген құрмет пен ілтипаттың жарқын көрінісі болды.

         Әскери қызмет – төзімділік пен қатаң тәртіпті, жоғары дене дайындығын және асқан жауапкершілікті талап ететін күрделі сала. Осы салада ер азаматтармен тең дәрежеде иық тіресе қызмет атқарып жүрген арулардың еңбегі өлшеусіз. Олардың қайсарлығы мен кәсібилігі көп жағдайда ерлерден кем түспейді, тіпті кей кездері олардың алдына түсіп, асқан біліктілігі мен жан-жақтылығын дәлелдейді.

         Осы кеш аясында Ұлттық ұлан академияда қызмет етіп жүрген аруларға ерекше құрмет көрсетілді. Дәлізде әсем безендірілген фотозона орнатылып, залға мерекелік көңіл-күй сыйлайтын әуендер шырқалды. Әйел азаматтар алдыңғы қатарларға жайғасып, олар үшін барынша ыңғайлы жағдай жасалды.

         Салтанатты жиынның алғашқы құттықтау сөзін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан академиясының бастығы полковник Артур Қалиақпарұлы Тоқышев алып, академия аруларына шынайы алғыс білдірді. Ол өз сөзінде әскери қызметтің ауыртпалығына қарамастан, аналық мейірімі мен нәзіктігін жоғалтпаған батыл да қайсар арулардың еңбегін ерекше атап өтті.

         Әскери қызметте өзіндік қолтаңбасын қалдырып жүрген қызметкерлер Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі және Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің мадақтамаларымен марапатталды. Сонымен қатар, Республикалық қоғамдық бірлестік – «Солдат аналар комитеті «Сердца матерей» ұйымының арнайы грамотасымен бірнеше ару марапатталды.

         Мерекелік кештің көркін Ақан Сері атындағы облыстық филармонияның солисті Медет Ибадуллаев «Анашым» әнімен ашты. Жүректерді тебіренткен бұл әсем туынды әрбір көрерменнің жүрегінен орын тапты.

         Кештің келесі нөмірін «Мәңгілік» би ансамблі орындап, көрермендерге ұлттық және заманауи билердің керемет үйлесімін паш етті. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі, «Құрмет» орденінің иегері Михаил Лахтин өз әріптестерімен бірге сахнаны нағыз өнер алаңына айналдырды.

         Ал нәзік те сыршыл әндерімен танылған «Belkanto» квартеті кештің атмосферасын одан әрі жандандыра түсті. Бұл өнер ұжымының жетекшісі – ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Артём Кислощей.

         Қазақ өнерінің жауһарлары саналатын ұлттық билер де мерекелік шараның шырайын аша түсті. «Алтынай» қазақ би ансамблі орындаған «Әдемі-ау» биі кешке жиналған көрермендерді тәнті етті. Бұл ансамбльдің көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Расима Сучкова.

         Мерекелік кеш барысында нәзік жандарға арналған ақжарма тілектер де жаудырылды. Жүргізушілер әйел-ананың қоғамдағы ерекше рөлін атап өтіп, олардың жылулық пен мейірімділік сыйлайтын жаратылыс иелері екендігін тебірене жеткізді.

         Сахна төрінде әсем әнімен көпшілікті баурап алған Нұрсұлу Ахметжанова «Махаббат вальсі» әнін орындады. Бұл әуезді ән көрермендерді терең ойға батырып, жүректеріне жылы сезім ұялатты.

         Кеш барысында сөз алған «Рух» психология және тұлғаны дамыту орталығының жетекшісі Резеда Сәлимжанқызы Баймұхамбетова әйелдің қоғамдағы маңыздылығы мен олардың психологиялық тұрақтылығы жайында әсерлі ойларымен бөлісті.

         Кеш соңында академия курсанттары мен «Студия 117» тобы орындаған «Потому что нельзя» атты композиция көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

         8 наурыз – тек әйелдер мерекесі ғана емес, ананың мейірімі мен сүйіспеншілігіне, апа-қарындастың нәзіктігіне, қызғалдақтай құлпырған бойжеткендердің сұлулығына тағзым ету күні. Бұл күн – әйел баласының қоғамдағы, отбасындағы, қызметтегі ерен еңбегін мойындау, құрметтеу мерекесі.

         Академия ұйымдастырған бұл кеш нәзік жандарға арналған ерекше сый болды. Әсем ән мен күй, мың бұралған билер, жүрекжарды лебіздер – мұның барлығы әйел затының қоғамдағы орнын ұлықтау үшін жасалды. Осындай мерекелік кештер жыл сайын дәстүрге айналып, әйелдер қауымына деген құрмет ешқашан кемімек емес.

         Қымбатты аналар, аяулы арулар, қадірлі қарындастар! Сіздерге денсаулық, баянды бақыт, отбасы амандығын тілейміз! Сіздер барда әлем де, өмір де нұрлы!

от admin