Петропавлда Ұлы Отан соғысының ардагері Валентина Архиповна Волкодавты 103 жасымен және Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойымен құттықтау рәсімі өтті.
Құрметті қонақтар қатарында ҚР Ұлттық ұланы академиясы бастығының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, полковник Руслан Бейсекұлы Альназиров, Петропавл қаласы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Иманғали Сұлтанұлы Татваев, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, майор Нұрлан Сербаевич Мырзақанов болды.
Мерекелік шараға Ұлттық ұлан академиясының оркестрі де қатысып, соғыс жылдарындағы әндерді орындап, ерекше атмосфера сыйлады. Валентина Архиповна – тарихтың тірі куәгері. Соғыс жылдарында 1-ші Беларусь және 1-ші Украина майдандарында ерлікпен шайқасып, талай қиындықты еңсерді. Жеңісті сержант шенінде қарсы алған ол «Отан соғысы» II дәрежелі орденімен, Жуков медалімен, «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдарымен және басқа да көптеген марапаттармен марапатталған.
Құттықтау сөзінде полковник Руслан Альназиров ардагерлер – арамызда жүрген нағыз тірі аңыздар екенін атап өтті. — Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – әр ардагер мен бүкіл халқымыз үшін қасиетті мереке.
Бүгінгі бейбіт өмір – сіз секілді батырлардың еңбегі. Сіздердің ерліктеріңіз біз үшін әрдайым мақтаныш! – деді ол. Қонақтар тарапынан айтылған жүрекжарды тілектер ардагерге ерекше қуаныш сыйлады. Валентина Архиповна өз кезегінде құрмет пен қамқорлық үшін шынайы алғысын білдірді.
Ардагерлер – халқымыздың баға жетпес қазынасы. Олардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды, ал біз үшін оны мәңгі есте сақтау және кейінгі ұрпаққа жеткізу – қасиетті борыш.