2025 жылдың 25 қаңтарында Петропавл қаласындағы 6637 әскери бөлімінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан академиясы сарбаздарының салтанатты түрде әскери ант қабылдау рәсімі өтті.
Бұл жауапты әрі тарихи сәтке Ұлттық ұлан академиясының бастығы полковник Артур Қалиақпарұлы, 6637 әскери бөлімінің командирі полковник Досан Батырұлы, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің аппарат жетекшісі Руслан Қанатханұлы, әскери бөлім ардагерлері, сондай-ақ сарбаздардың ата-аналары мен жақындары қатысты.
Ұлттық ұлан еліміздің егемендігін алған алғашқы күндерінен бері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жетекші рөл атқарып келеді. Жыл сайын еліміздің әр түкпірінен жас сарбаздар әскер қатарына қосылып, Отанына адал қызмет етуге ант береді. Әскери ант қабылдау – сарбаздардың өміріндегі ерекше әрі маңызды оқиға. Бұл күні олар ресми түрде Ұлттық ұланның қатарына қабылданып, ел тыныштығын сақтау жолында адал қызмет етуге серт береді.
Сарбаздар сап түзеген алаңға жауынгерлік ту кіргізіліп, мемлекеттік Әнұран шырқалды, еліміздің көк байрағы көтерілді.
«Сіздер бүгін ел алдында әскери ант қабылдап, Отан қорғаушысының қатарына қосылғалы тұрсыздар. Осы уақыттан бастап сіздерге жүктелген міндет те зор болмақ. Өйткені әскери ант – әскери өмірдің өзгермейтін заңы. Онда отанды қорғаудың, соның ішінде халыққа және заңды сайланған Президентке адал қызмет етудің айқын белгілері көрсетілген. Әскери өмір қаншалықты қиын болғанымен, жарғы белгіленген талаптарды орындау — парыз және қасиетті міндет. Сіздердің міндеттеріңіз — өздеріңізге жүктелген тапсырмаларды жауапкершілікпен орындау. Туған жерімізге тер төгіп, антқа адал болу», — деді полковник Досан Батырұлы.
6637 әскери бөлімінің биылғы қысқы шақырылымында 200-ге жуық жас сарбаз әскер қатарына қосылды. Олар Қостанай, Ақмола, Қарағанды және Түркістан облыстарынан шақырылған азаматтар. Алдағы бір жыл ішінде жас сарбаздар Отан алдындағы борышын абыроймен өтеуге дайын.
Салтанатты рәсімнен кейін 6637 әскери бөлімнің командирі полковник Досан Батырұлы ата-аналар мен сарбаздардың туған-туыстары үшін арнайы жиналыс ұйымдастырып, олардың барлық сұрақтарына жауап берді. Жиналыс соңында жас сарбаздарға ата-аналарымен және жақындарымен кездесуге уақыт беріліп, сейілдеме ұйымдастырылды.
Бұл күн жас сарбаздардың ғана емес, олардың отбасылары үшін де ерекше есте қалды. Ел қауіпсіздігін қорғауға кіріскен әрбір азаматқа мықты денсаулық, қайсар рух және абыройлы қызмет тілейміз!