Қазақстанда Мұғалімдер күні дәстүрлі түрде қазан айының бірінші жексенбісінде атап өтіледі. Бұл күн – әрбір азаматтың жүрегінде терең із қалдырған, білім беру жолында адал қызмет етіп келе жатқан ұстаздарға алғыс білдіруге арналған ерекше мереке. Елдегі барлық білім беру мекемелерінде бұл күн зор құрмет пен ризашылықпен атап өтіледі.
2024 жылғы 4 қазанда Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Академиясында 2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша үздік оқытушыларды марапаттауға арналған салтанатты іс-шара өтті. Байқауға биыл 10 оқытушы қатысып, арнайы құрылған комиссия мүшелері өз саласының ең үздік мамандарын анықтады.
«Жылдың үздік оқытушысы» атағы:
Жедел өнер және моральдық-психологиялық қамтамасыз ету кафедрасының бастығы, полковник Мұрат Найманұлы Байбусинов биылғы жылдың «Үздік оқытушысы» атағына ие болды. Оның кәсіби шеберлігі, жоғары ұйымдастырушылық қабілеті және педагогикалық тәжірибесі комиссия тарапынан ерекше атап өтілді. Жеңімпазды Ұлттық ұлан Академиясы бастығының бірінші орынбасары – штаб бастығы, полковник Асқар Қайратұлы Файзулин салтанатты түрде грамотамен және ақшалай сыйлықпен марапаттады.
Құрметті орын иегерлері
• Екінші орын – қызметтік-жауынгерлік қолдану тактикасы кафедрасының оқытушысы, подполковник Артем Николаевич Чеботаревке берілді. Оның байқауға қосқан үлесі, жоғары кәсіби деңгейі және оқыту әдістемелеріндегі жаңашылдығы комиссия тарапынан жоғары бағаланды.
• Үшінші орын – әскери педагогика және психология кафедрасының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс циклінің оқытушысы, қызметші Александр Ильич Митяевке табысталды. Оның педагогикалық шеберлігі мен кәсібилігі оқыту үдерісін тиімді ұйымдастыруда үлкен рөл атқарды.
Әрбір қатысушы өз саласында жоғары кәсіби құзыреттілігін, біліктілігін және оқытуға деген шынайы ынтасын көрсетті.
Бұл байқау Академиядағы білім беру сапасын арттыруға, оқытушылардың кәсіби дамуына және болашақ офицерлерді даярлау ісіндегі үздік тәжірибелерді енгізуге ықпал ететіні сөзсіз. Марапатталған оқытушылар тек Академияның ғана емес, тұтас білім беру саласының абыройын асқақтатты.