2024 жылғы 24 қазанда, Республика күні мерекесі қарсаңында, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан академиясында ғылым және білім саласында бірлескен қызмет туралы меморандумдар мен келісімдерге қол қою рәсімі өтті. Бұл маңызды құжаттарға еліміздің екі ірі компаниясының басшылығы қол қойды:
• «Киров атындағы зауыт» АҚ (Петропавл қаласы) – бас директоры Алмас Мусаұлы Нұрмағамбетов;
• «Cleverest Defense Systems» ЖШС (Астана қаласы) – коммерциялық директоры Евгений Николаевич Лукашов.
Ынтымақтастықтың негізгі мақсаты – инновациялық жобаларды жүзеге асыру және әскери техника мен қару-жарақ, әскери технологиялар, сондай-ақ цифрлық форматтағы әскери білім беру, тренажерлік кешендер мен роботтандырылған жүйелер саласында жаңа технологиялық шешімдерді әзірлеу.
Тараптар әскери білім беруде заманауи тәсілдерді енгізу, бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асыру және озық технологиялармен тәжірибе алмасу бағытында тығыз ынтымақтастық орнату туралы келісімге келді.
Осы келісімдерге қол қою – Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан академиясының ғылыми әлеуетін арттыру және еліміздің қорғаныс саласында жоғары технологиялық жобаларды жүзеге асыруға арналған тиімді алаң құру жолындағы маңызды қадам.