Бүгін, 9 қыркүйек күні, Қазақстан Республикасының Ұлттық ұлан академиясында Тәжікстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты шара өткізілді. Бұл дата Тәжікстан халқы үшін ерекше маңызға ие, себебі биыл тәжік елінің тәуелсіздігіне 33 жыл толып отыр.

Бұл мереке дәстүр бойынша Қазақстан Республикасының және Тәжікстан Республикасының мемлекеттік әнұрандарының орындалуымен басталды. Әнұрандарды орындау барысында екі елдің достық байланыстары мен ынтымақтастығының символы ретінде бірлік пен ортақ мақсаттың маңыздылығы ерекше атап өтілді.

Ұлттық ұлан академиясының бастығы, полковник Артур Қалиақпарұлы Токушев курсанттарға құттықтау сөзін арнады. Ол өз сөзінде екі ел арасындағы достықты нығайтуға ерекше назар аударды: «Қазақ пен тәжік халықтарының достастығы мыңдаған жылдар бойы нығайып келеді және бүгінгі күні біздің шынайы достық қарым-қатынастарымыз болашақ ұрпаққа үлгі болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасау біздің парызымыз. Мемлекет пен әскерлер қолбасшылығы сіздерге үлкен үміт артты. Осы сенімді ақтап, курсанттың асқақ атын абыроймен алып жүруге лайық болыңыздар! Сіздерді Тәжікстан Республикасы Тәуелсіздігінің 33 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, оқуларыңызда үздік болыңыздар!» – деді полковник Артур Қалиақпарұлы Токушев.

Кездесу барысында Тәжікстан Республикасының азаматы, 1 курс курсанты Сафарзода Сухроб Субхонович те сөз алып, өз халқының тәуелсіздік жолындағы күресі мен жетістіктерін атап өтті.

Іс-шара жеке құрамның салтанатты марш арқылы аяқталды, бұл мерекенің мәнін терең түсінуге және қазақ-тәжік достығын одан әрі нығайтуға деген ұмтылысымызды тағы да бір мәрте айшықтады.

Тәжікстан Республикасының Тәуелсіздік күнін атап өтудегі бұл шара екі елдің арасындағы бауырластық пен өзара құрметті одан әрі бекітуге зор ықпал етті.

от admin