Бүгін Петропавл қаласының Ақан Сері атындағы облыстық филармониясында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының құрылғанына 31 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті.
Қазақстанның құқық қорғау органдары жүйесіндегі Ұлттық ұлан өз тарихын 1992 жылғы 10 қаңтарда Қазақстан ІІМ Ішкі әскерлері құрылған Республика Тәуелсіздігі кезеңінің басынан бастап жүргізеді. Бұл күн мерекенің бастапқы нүктесі болды.
Құқықтық тәртіп әскерлерінің құрылғанына 31 жыл толуына арналған салтанатты іс-шараға Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сатжан Аблалиев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов, сондай-ақ өңірдің күш құрылымдарының бірінші басшылары қатысты.
Іс — шараны Петропавлда орналасқан Ұлттық ұлан бөлімшелері — Ұлттық ұлан Академиясы және 6637 әскери бөлімі ұйымдастырды.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің атынан өңір ұландықтарын кәсіби мерекелерімен оның орынбасары Сатжан Аблалиев құттықтады.
— Ұлттық ұлан Академиясының және 6637 әскери бөлімінің жеке құрамы қала мен облыстың қоғамдық-саяси, спорттық, мәдени іс-шараларына, сондай-ақ өңірдегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге үнемі белсенді қатысады.
Кәсіби мереке күні барлық жеке құрам мен әскер ардагерлеріне, туыстарыңызға және жақындарыңызға зор денсаулық, бақыт, амандық, Отанымыз – Қазақстан Республикасының игілігі мен өркендеуіне одан әрі табыс тілеймін, — деп атап өтті Сатжан Әйтенұлы.
Іс-шара барысында қызметтік міндеттерін адал атқарғаны, қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін және Ұлттық ұлан күнін мерекелеуге байланысты қызметте ерекше көзге түскен офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге мерзімінен бұрын әскери атақтар, медальдар, төсбелгілер, грамоталар мен алғыс хаттар табыс етілді.
Іс-шараның ресми бөлімінен кейін мерекелік концерт өтті. Жиналғандар алдында Петропавл қаласы филармониясының солистері мен Ұлттық ұлан академиясының әскери оркестрі өнер көрсетті.

ҚР Ұлттық ұланы академиясының баспасөз қызметі

от admin