Бүгін Петропавл қаласының бас алаңында ҚР Ұлттық ұланы академиясының жас лейтенанттарының 22-ші шығарылымы өтті.
Жыл басында академия мәртебесін алған кезекті оқу орнын аяқтауға арналған салтанатты іс-шараға Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тыл жөніндегі орынбасары генерал-майор Жандос Омарқұлов, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов, академия бастығы генерал-майор Бауыржан Әбжанов, Тәжікстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлер қолбасшысының тәрбие-саяси қызметі жөніндегі орынбасары полковник Музафар Чабборзада, өңірдегі күш құрылымдарының бірінші басшылары, ардагерлер, түлектердің ата-аналары мен туыстары қатысты.
Биыл оқу орнын 191 түлек бітірді, оның ішінде 13 жас лейтенант – үздік бітірді. Қазақстандық түлектермен бірге Қырғыз Республикасының екі және Тәжікстан Республикасының тоғыз өкілі диплом алды. Олардың төртеуі 4 маусым күні лейтенант погондарын мерзімінен бұрын алды. Олар — Қазақстан Республикасының Президенті — Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан лейтенант погонын алуға лайықталған түлектер Бейбіт Қазытай мен Данила Горбуль, сондай-ақ Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Марат Ахметжановтың қолынан лейтенант погонын алған курсанттар Ренат Хайруллин мен Сергей Махиня.
Түлектерге диплом тапсыру салтанатты рәсімінен кейін жиналғандардың алдында Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тыл жөніндегі орынбасары генерал-майор Жандос Омарқұлов сөз сөйледі.
Ол бүгінде еліміздің офицерлер корпусы жаңа толықтыруларға ие болғанын атап өтті: оған Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясының түлектері қосылуда. – Мен, академия қабырғасында алған терең теориялық білім, терең кәсіби дайындық және моральдық-психологиялық шынығу сіздің одан әрі дамуыңыз бен өзін-өзі танытуыңыз үшін берік негіз болатынына сенімдімін, — деді генерал-майор Жандос Омарқұлов.
— Академияның басшылығы мен профессорлық – оқытушылық құрамына әрбір курсантқа кәсібилігі мен жеке көзқарасы, ал ардагерлерге — жас ұрпаққа патриоттық және кәсіби-адамгершілік тәрбие бергені үшін алғыс айтқым келеді. Әлбетте, әскери өнерді түсіну диплом алумен аяқталмайды — бұл үздіксіз процесс, ол өзінің кәсіби білімі мен дағдыларын үнемі жетілдіруді талап етеді, әсіресе жаңа технологиялар қарқынды дамып, әскери істің барлық бағыттары жаңғыртылып жатқан кезде,  — деді Марат Тасмағанбетов өз сөзінде.
— Солтүстік Қазақстан облысының басшылығы және жеке өз атымнан сіздерді осы айтулы күнмен – Ұлттық ұлан академиясын бітіруімен құттықтаймын, Сіздерге алдағы қызметте жауынгерлік табыс, шығармашылық жеңістер мен тамаша мансап тілеймін, — деп тіледі Марат Иманбайұлы.
Өз кезегінде Тәжікстан ІІМ Ішкі әскерлер қолбасшылығының өкілі полковник Музаффар Чабборзода Академия басшылығына Академия мәртебесінде алғашқы халықаралық шығарылымға арналған салтанатты іс-шараға қатысуға шақырғаны үшін ерекше ризашылығын білдірді. — Біздің бауырластық қарым-қатынасымыз жылдан жылға нығайып, халқымыздың өмірінің барлық саласының дамуына ықпал ететініне біз өте қуаныштымыз. Оның мысалы біздің әскери қызметшілерімізді Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Академиясында оқыту болып табылады. Әскери кадрларды даярлау жөніндегі біздің ынтымақтастығымыздың арқасында біздің бөлімшелеріміздің әлеуеті едәуір жақсарды, бұл жалпы ішкі әскерлердің жауынгерлік әзірлік деңгейіне оң әсер етеді.
— Бүгінде академия қабырғасында білім алған түлектер Тәжікстан Ішкі әскерлерінің басшылық қызметтерінде. Мен сіздерге Тәжікстан ІІМ Ішкі әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Сухроб Рауфзодаға атынан шынайы алғысымды білдіремін, деп қорытындылады полковник Чабборзода.
Дәстүр бойынша барлық қойылымдардан кейін түлектермен оқу орнының жауынгерлік туымен қоштасу рәсімі өтті. Академияны үздік бітірген лейтенант Нұрдәулет Тағайбек Жауынгерлік тумен қоштасу құрметті құқығына ие болды.
Биыл әскери оқу орны құрылғанына 25 жыл толды. Осы жылдар ішінде Академия қабырғасынан 4000-ға жуық жас офицерлер даярланды, олар Ұлттық ұланның, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің, Қорғаныс министрлігінің офицерлік құрамының, Мемлекеттік күзет қызметінің және басқа да әскери құрылымдар бөлімшелерінің қатарын толықтырды.
Қазіргі уақытта Академия базасында жеті мамандық бойынша офицерлерді даярлау жүзеге асырылуда. Курсанттарды оқыту сегіз кафедрада жүргізіледі. Академияда біліктілікті арттыру факультеті жұмыс істейді, онда офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер жыл сайын қайта даярлаудан өтеді. Академияның алғашқы түлектері құрамалар мен әскери бөлімдерді басқарады, ал олардың кейбіреулері бас қолбасшылықта және өңірлік әскерлер қолбасшылықтарының штабтарында басшылық лауазымдарда қызмет етеді.
Мұнда ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлауға көп көңіл бөлінеді. Жыл сайын оқытушылар қатары магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша жоғары оқу орындарының түлектерімен толықтырылады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясының жеке құрамы қаланың және облыстың қоғамдық-саяси, спорттық, мәдени іс-шараларына, сондай-ақ өңірде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді қатысады.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

от admin