Ұлттық ұлан Әскери институтының офицерлері мен курсанттары мергендік шеберліктерін оқу ордасының аумағынан шықпай-ақ, екі жаңа заманауи электронды ату тирінде шыңдайтын болады. Мұндай қондырғыларды ақысыз орнатуға еліміздің АҚШ Қорғаныс министрлігі Қауіпті азайту жөніндегі агенттігінің «Ғаламдық ядорлық қауіпсіздік» атты халықаралық ынтымақтастық бағдарламасына қатысуы себепші болды. Таяуда Әскери институтта Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов пен Астанадағы АҚШ елшілігі жанындағы АҚШ Қорғаныс министрлігі Қауіпті азайту жөніндегі агенттігінің бөлім директоры Стивен Колдердің қатысуымен құқықтық тәртіп әскерінің болашақ офицерлерінің жауынгерлік дайындығын арттыруға арналған ату тирларын ресми ашу салтанаты өтті.
Электронды тирлардың мүмкіндіктерін сынауға арнайы келген америкалық делегация құрамында бөлімнің бағдарламалар координаторы Александр Дубров, «ЮРС» компаниясының жоба жетекшісі Александр Васильев және компанияның сан-салалы заң қызметтері мен кеңестерін ұсынған мамандары да болды.
Кездесу барысында Ұлттық ұлан Әскери институты лауазымдық тұлғалары және қонақтардың қатысуымен брифинг өтті. Брифингте генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов АҚШ Қорғаныс министрлігі Қауіпті азайту жөніндегі агенттікпен арадағы серіктестік пен ықпалдастықтың одан әрі дамуына Ұлттық ұланның үлкен мән беретінін жеткізді.
Стивен Колдер мырза да өз кезегінде бұл кездесудің маңыздылығын айтып, осы бағыттағы ынтымақтастықты күшейтуге ниетті екендіктерін білдірді.
Америкалық тарап өкілдері іс-сапарының негізгі мақсаты – электронды ату тирларын орнату монтажы мен оны пайдалану бойынша нұсқаулықтармен таныстыру болатын.
Сондай-ақ, Ұлттық ұланның 2017 жылдан бері америкалық әріптестермен бірлесіп жұмыс жасап жатқандығын да атап өткіміз келеді. Ұлттық ұлан әскери қызметшілері Орталық Азия елдерінің мамандарымен бірге АҚШ өткен шекараларды күзету бойынша тәжірибе алмасуға, жалпы жою қаруларын таратуға қарсы арнайы семинарларға қатысқан болатын. Жалпы америкалық тараппен осы уақытқа дейін ұландықтарға төрт электронды тир кешені жеткізіліп, орнатылды.
Институт курсанттары мен офицерлері енді оқу ордасының қабырғасында жүріп-ақ ату дайындықтары бойынша көрсеткіштерін жақсартып, қарудан ату қабілеттерін арттыра алады.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

от admin