Ынтымағы мен ырысы жарасқан «бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі» еліміздің қол жеткізген жетістіктері ұшан-теңіз. Елдігіміз бен егемендігіміздің биік шыңы – Тәуелсіздіктің тұғырлы болуы.

Бүгіндері көгілдір байрағымызды желбіретіп, басқа елдің төріне ілетін, әлемдік қоғамдастықта алдыңғы лекте жүретін, елі аман, жұрты тыныш, шекарасы бүтін біртұтас елміз. Осы тұғыры биік Тәуелсіздігіміздің негізгі стратегиялық күші мен тірегі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы сарабдал саясаты.

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы сол саясаттың жалғасы іспеттес. Айқын мақсат пен игі іс жүктеген тарихи маңызы бар бұл бағдарлама халық сенімін нығайтатыны анық. Бағдарламада ұлттық сана, бәсекелік қабілет, прагматизм, білімнің салтанат құруы, эволюциялық даму, сананың ашықтығы, латын әліпбиі мәселелері кеңінен талқыланған және нақты міндеттер мен бағыттар беріледі.

Елбасымыз ақыл-парасат иесі адамның қоғамдағы орны, оның рухани әлемі, рухани қазынасы басты назарда екенін саралап отырады. Мемлекет басшысы бұл бағдарламада сол рухани байлықты кеңінен сөз етіп, халық санасына шамшырақ түсіргендей. «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын.

Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды.

Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» дегенді жеткізеді.
Адамның қоғамдағы жағдайы, рухани байлығы мемлекеттің даму деңгейін білдіретін көрсеткіш екендігі белгілі. Бағдарламада халықтың рухани қазынасын арттыруға бағытталған мазмұнды шараларға баса назар аударылған. Осы бағдарламада жаңа міндеттер мен мазмұнды бағыттар айқындалды.
Мәңгілік ел ұрпақтары ұлттық құндылықтарымызды әлемдік деңгейге шығару үшін жас ұрпақ санасына туған халқына деген құрмет, сүйіспеншілік, мақтаныш сезімдерін ұялату; ұлттық рухын дамыту; ана тілі мен дінін, оның тарихын, мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрін, рухани-мәдени мұраларын қастерлеу; ақындардың поэзиясын оқытуда гуманистік, адамгершілік-эстетикалық тәрбие беруді күшейту, ұлттық құндылықтарды таныту болып табылады. Сол арқылы білім алушының ұлттық рухани санасын қалыптастыруды нысана тұтуымыз қажет.
Қазіргі кезде еліміз жаһандық қауіпсіздіктің алтын белдеуіне айналды. Қазақ елі «егемендікті, бостандықты, әлемге ашықтықты» таңдады. Ендігі міндет – бейбіт өмірді сақтау, «ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру», ортақ еңбектің нәтижесінде «берекелі қоғам құру», рухани қазынамызды дәріптеу, тәуелсіз елімізді «Мәңгілік ел ету».
Дана халқымыз «Бірлігі күшті ел озады, бірлігі жоқ ел тозады» деп өсиет еткен. Бірлігіміз бен тірлігіміз жарасып, жұмыла жұмыс істесек, артылар міндеттерді әр қазақстандық мықтап қолға алса, алар асуларымыздың алыста емес екендігі айқын.

Тілдік дайындық кафедрасының профессоры
аға лейтенант Ақмарал Сәркенқызы Жамитова

от admin