Егемендікті берік еткен көшбасшымыз Н.Ә. Назарбаевтың сындарлы саясаты елдің өсіп-өркендеуіне зор ықпал еткенін халқымыз жақсы біледі. Елбасының қай игі ісін алсақ та, олар «шамшырақ сияқты біздің жолымызға сәуле шашып, алға басуға жігерлендіреді». Елбасының елге ұсынған «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасы халық сенімін одан әрі нығайта түсіп, мерейін үстем етті. Мемлекет басшысы рухани қазынамызға баса назар аударып, елдігімізді сақтап қалу үшін қарекет етуіміз керектігін тілге тиек етеді. Мұндай іргелі істер ілгері дамуымыздың негізі болғаны да айқын. Бұл бағдарлама көпшіліктің оң ықыласына бөленіп отырғаны анық.

Экономиканың қарқынды дамуы мен елдегі тұрақтылық мемлекеттің алға жылжуына мүмкіндік бергенін өмір көрсетіп отыр. Ал рухани қазынаны дамыту, жастардың бойына сіңдіру, саналарына жеткізу зор міндеті алда тұр деп білеміз. Елбасы бұл бағдарламада «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс.

Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» дегенді баса айтады.

Бағдарламадағы мәселелер болашаққа нық қадам жасауға бағыт-бағдар береді. Халыққа арнаған ой-тұжырымдары, ғибратты идеялары  тұғыры биік ел болатынымызға сенімімізді нығайтады. Келешекті дәл танып, бүкіл күш-жігерін еліне арнап келе жатқан Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың арқасында елдігіміздің еңсесі биіктеп, өресі марқайып шыға келетіні сөзсіз деп ойлаймыз.

Елбасымыздың «Біз әлем елдерінің сенімі мен құрметіне бөленіп, брендке айналған тәуелсіз Қазақстанды құрдық» деген зор сенімі мен мақтанышын биікте ұстасақ, нұр үстіне нұр болар еді.

Заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезовтің: «Алтын анам, Отаным, сенен аяр жаным жоқ, сенен іркер күшім жоқ, — деп ер қайратыңа мін-дағы өрге бас» деген сөзі  әр азаматтың ұстанымына айналуы тиіс. Ал осы жолда елге артылар міндет жоғары болмақ. Ендеше іске сәт!

 

Ұлттық ұланы Әскери институтының

жалпы білім беру кафедрасының оқытушысы

аға лейтенант Сейілхан Өміржан

от admin